Норвегия Сенегалды ұтып, топтан шығу мәселесін шешті

Холандтың дублі Норвегияны плей-офф кезеңіне шығарды

Норвегия Сенегалды ұтып, топтан шығу мәселесін шешті Getty Images

Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында Норвегия құрамасы Сенегалды 3:2 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.

АҚШ-тағы «Нью-Джерси Стэдиум» аренасында өткен кездесуде есеп 43-минутта ашылды. Норвегиялық қорғаушы Маркус Педерсен қарсылас қорғанысының қателігін тиімді пайдаланып, өз командасын алға шығарды.

Екінші таймның басында Эрлинг Холанд Мартин Эдегордың нәтижелі пасынан кейін есеп айырмасын ұлғайтты. Араға аз уақыт салып Сенегал құрамасының шабуылшысы Исмаила Сарр бір голмен жауап беріп, есепті қысқартты.

Алайда 58-минутта Холанд тағы бір мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды. Бұл гол норвегиялық шабуылшының турнирдегі төртінші нәтижелі соққысы болды. Исмаила Сарр матчтың соңына қарай тағы бір гол соққанымен, Сенегал құрамасын жеңілістен құтқара алмады.

Осылайша Норвегия екі матчтан кейін алты ұпай жинады. Ал Сенегал қатарынан екі рет жеңіліп, турнирдегі жағдайын қиындатып алды.

Топтық кезеңнің соңғы турында Норвегия Франциямен кездессе, Сенегал Ирак құрамасымен ойнайды. Екі матч та 26 маусым күні өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу