Қазақстандық семсерлесушілер Азия чемпионы атанды
Қазақстан құрамасы финалда сары құрлық бәсекесінің фавориттерін қапы қалдырды.
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, ерлер арасындағы командалық сапы сайысында алтын медаль жеңіп алды.
Финалда қазақстандық спортшылар Азияның ең мықты командаларының бірі саналатын Жапония құрамасымен кездесті. Жапон семсерлесушілері Токио Олимпиадасының чемпиондары және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегерлері ретінде жарыстың басты фавориттерінің қатарында болған еді.
Тартысқа толы финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы жоғары шеберлік танытып, қарсыласын 45:40 есебімен жеңді. Шешуші сәтте 19 жастағы Кирилл Проходов ерекше көзге түсті. Жас спортшыға Жапония құрамасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының командалық чемпионы және Париж Олимпиадасының жеке сайыстағы чемпионы Коки Канноға қарсы соңғы кезең сеніп тапсырылды.
Проходов өзіне артылған сенімді толық ақтап, Қазақстан құрамасының басымдығын сақтап қана қоймай, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Оның сенімді өнер көрсетуі команданың чемпиондыққа жетуіне маңызды үлес қосты.
Осылайша, Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходовтан құралған Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алып, құрлықтағы үздік команда екенін дәлелдеді.