Португалия Өзбекстанды ірі есеппен жеңді
Бұл матчта да Роналду кезекті рекордын орнатты.
ашық дереккөзден
Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында Португалия құрамасы Өзбекстанды 5:0 есебімен жеңді.
Хьюстон қаласында өткен кездесуде португалиялықтардың капитаны Криштиану Роналду дубль авторы атанды. Тәжірибелі шабуылшы матчтың 6 және 39-минуттарында мергендік танытып, командасының жеңісіне елеулі үлес қосты.
Осы нәтижеден кейін Роналду әлем чемпионаттарының қатарынан алты финалдық кезеңінде гол соққан алғашқы футболшы ретінде тарихқа енді. Ол 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026 жылғы мундиальдарда қарсылас қақпасынан саңылау тапты.
Сонымен қатар португалиялық шабуылшы әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша Португалияның бұрынғы рекордшысы Эйсебионы басып озып, ұлттық құраманың мундиальдар тарихындағы үздік сұрмергені атанды. Қазіргі уақытта оның еншісінде әлем чемпионаттарындағы 10 гол бар.
Кездесудің 17-минутында Нуну Мендеш те мергендік танытты. Ал Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдувохид Нематов ойынның 60-минутында өз қақпасына гол соқты. Матчтағы соңғы голды Рафаэл Леау енгізді.
Осылайша Португалия алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін арттырды. Роберто Мартинес шәкірттері топтық кезеңнің соңғы турында Колумбия құрамасымен кездеседі. Өзбекстан құрамасының қарсыласы - Конго Демократиялық Республикасы.