Ғұсман Қырғызбаев Қытайдағы Гран-при турнирінде күміс жүлдеге ие болды
Бүгін Елдос Сметов те татамиге шықты.
ашық дереккөзден
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан дзюдодан Гран-при сериясының кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Париж Олимпиадасының қола жүлдегері беделді халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетіп, финалға дейін сүрінбей жетті.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық балуан жарыс барысында бірнеше мықты қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды. Финалда оған Жапонияның атақты дзюдошысы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Хифуми Абэ қарсы тұрды.
Тартысты өткен белдесуде тәжірибелі жапон спортшысы жеңіске жетіп, алтын медальді еншіледі. Ал Ғұсман Қырғызбаев күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сонымен қатар, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қола жүлде үшін күресті. Алайда шешуші белдесуде ресейлік Аюб Блиевке есе жіберіп, бұл жолы жүлдегерлер қатарына ене алмады. Осылайша 2 жылдан кейін татамиге қайта оралған Сметов жарысты бесінші болып аяқтады.