Алматыда паделден Қазақстан чемпионаты өтеді

Еліміздің ең үздік спортшылары Оңтүстік астанада бас қоспақ.

Алматыда паделден Қазақстан чемпионаты өтеді ашық дереккөзден

29 маусым мен 1 шілде аралығында Алматы қаласында паделден 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты өтеді. Басты ұлттық турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпиондары анықталады.

Беделді жарыс ADD Padel and Table Tennis Center кешенінде ұйымдастырылады. Чемпионатқа Қазақстанның үздік паделшілері қатысып, маусымның ең маңызды додасында чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.

Ерлер арасында негізгі кезеңге 16 жұп қатысады. Оның ішінде 12 жұп рейтинг бойынша тікелей жолдама алса, тағы төрт жұп іріктеу кезеңі арқылы анықталады. Әйелдер арасында сегіз жұп өнер көрсетеді: алтауы рейтинг негізінде, екеуі іріктеу нәтижесі бойынша негізгі кезеңге өтеді.

Жарыстың кестесіне сәйкес, 29 маусымда іріктеу кездесулері өтеді. 30 маусымда 1/8 және 1/4 финал ойындары ұйымдастырылады. Ал 1 шілдеде жартылай финалдар, үшінші орын үшін матчтар және чемпиондарды анықтайтын финалдық кездесулер өтеді.

Айта кетейік, падел Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналады. Алдағы ел чемпионаты ұлттық рейтингке әсер етіп қана қоймай, үздік спортшыларды анықтайтын маусымдағы басты жарыс болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу