Николя Винокуров Қазақстан чемпионы атанды
1-шілде күні Николя Винокуров «Тур де Франста» жарыс жолына шығады.
ашық дереккөзден
Атақты велошабандоз Александр Винокуровтың ұлы әрі ізбасары Николя Винокуров ел чемпионатының топтық жарысында жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды.
180 шақырымға созылған жарыс Щучинск қаласында өтті. Сайыстың шешуші сәтінде XDS Astana Team командасының өкілдері Николя Винокуров, Евгений Фёдоров және Антон Кузьмин соңғы айналымда қарсыластарынан ұзап шығып, мәреге дейін басымдықтарын сақтап қалды.
Жарыстан кейін Николя Винокуров бұл жеңістің оңай келмегенін атап өтті.
«Бүгінгі жарыс өте ауыр өтті. Алғашқы метрлерден-ақ қарсыластар біздің әрбір шабуылымызды бақылап отырды. Соған қарамастан соңғы айналымда үшеуміз шешуші шабуылға шықтық. Өзімді жақсы сезіндім және жеңіске жетуге күшім жететінін білдім. Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық чемпионның жейдесін киетініме өте қуаныштымын. Енді “Тур де Франс” жарысына Қазақстан чемпионының жейдесімен қатысамын. Бұл атаққа лайық өнер көрсетіп, елімді абыроймен таныстыруға бар күшімді саламын», - деді Винокуров.
Осылайша Николя Винокуров Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, ұлттық чемпионның жейдесімен алдағы беделді «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.