Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатымен қоштасты
Өзбекстан құрамасы үш ойында да жеңіліс тапты.
Getty Images
Футболдан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасы топтық кезеңнен аса алмады. Фабио Каннаваро шәкірттері К тобының үшінші турында Конго Демократиялық Республикасына 1:3 есебімен есе жіберіп, турнирдегі өнерін аяқтады.
АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Mercedes-Benz Stadium» аренасында өткен кездесуде Өзбекстан ойынды сәтті бастап, 10-минутта есеп ашты. Аббосбек Файзуллаевтың нәтижелі пасынан кейін шабуылшы Элдор Шомуродов мергендік танытты.
Алайда екінші таймда африкалық команда таразы басын өз пайдасына аударды. Йоан Висса дубль авторы атанса, Фистон Майеле тағы бір гол соғып, Конго ДР құрамасына 3:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Осылайша Конго Демократиялық Республикасы төрт ұпай жинап, үздік үшінші орын иелерінің бірі ретінде 1/16 финалға жолдама алды. Ал әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсеткен Өзбекстан құрамасы топтық кезеңде үш матчтың үшеуінде де жеңіліс тапты. Бұған дейін олар Колумбиядан 1:3, Португалиядан 0:5 есебімен ұтылған еді.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеге дейін жалғасады.