Қазақстандық велошабандоздар «Тур де Франс-2026» додасына қатысады
Биыл атақты велошабандоз Александр Винокуровтың ұлы Николя Винокуров Қазақстан чемпионы ретінде «Тур де Франста» өнер көрсетеді.
4 шілде күні әлемдегі ең беделді көпкүндік веложарыс - «Тур де Франс» өз жалауын көтереді. Биылғы 113-ші мәрте ұйымдастырылатын жарыс алғаш рет Испанияның Барселона қаласынан басталып, 26 шілдеде Франция астанасы Парижде мәресіне жетеді. Жалпы ұзындығы 3321,2 шақырымды құрайтын жарыс бағыты Испания мен Франция аумағын қамтып, Пиреней, Орталық массив, Вогез, Юра және Альпі таулары арқылы өтеді. Жарысқа әлемнің ең үздік 184 велошабандозы қатысады.
Қазақстандық XDS Astana Team да маусымның басты бәсекесіне толық дайын. Команданың намысын Давиде Баллерини, Аарон Гейт, Серхио Игита, Макс Кантер, Харольд Техада, Майк Тениссен, Симоне Веласко және таяуда ғана Қазақстан чемпионы атанған Николя Винокуров қорғайды.
«Тур де Франс-2026» командалық жекелей жарыспен басталады. Барселона көшелерінде өтетін алғашқы кезеңнің ұзақтығы 19,6 шақырым. Техникалық тұрғыдан күрделі бағытта көптеген бұрылыс пен қысқа өрлеулер бар. Кезең Олимпиада стадионына апаратын көтерілісте аяқталып, алғашқы сары, жасыл және таулы кезең көшбасшылары анықталады.
Биылғы «Үлкен күрмеу» жанкүйерлерге ерекше тартыс сыйламақ. Ал әлемдік велоспорт элитасы жиналатын додада қазақстандық команданың өнер көрсетуі отандық жанкүйерлер үшін де айрықша қызығушылық тудырады. Ендігі басты мақсат – кезеңдік жеңістерге таласып, үш апталық жарысты жоғары нәтижемен аяқтау.