Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Президент Жарлығымен берілген ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Бибісара Асаубаеваның халықаралық аренадағы жоғары жетістіктері мен ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесінің мемлекеттік деңгейде бағаланғанын көрсетеді.
ашық дереккөзден
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғанын мәлімдеді.
Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, мемлекеттік награданы көптен күткенін атап өтті.
«Баршаңызға сәлем! Мен көптен күткен ІІ дәрежелі “Барыс” орденін алдым. Бұған дейін ІІІ дәрежелі орденім бар еді, енді І дәрежесі қалды. Қараңыздаршы, қандай әдемі», - деді Бибісара Асаубаева.
Бибісара Асаубаева блиц шахматынан әлемнің үш дүркін чемпионы. Сондай-ақ биыл өткен үміткерлер турнирінде күміс жүлдеге ие болып, Norway Chess 2026 халықаралық турнирінде жеңіске жеткен болатын.