Сенсация! Германия әлем чемпионатымен күтпеген жерден қоштасты
Төрт дүркін әлем чемпионы Германия плей-оффтың алғашқы кезеңінде-ақ сүрінді.
sportsdaily
Футболдан әлем чемпионатында ең ірі сенсациялардың бірі тіркелді. Төрт дүркін әлем чемпионы Германия құрамасы 1/16 финалда Парагвайдан пенальти сериясында 3:4 есебімен жеңіліп, мундиальмен күтпеген жерден қош айтысты.
Кездесу барысында неміс құрамасы ойын тізгінін өз қолында ұстағанымен, алғашқы болып есепті 42-минутта Парагвай шабуылшысы Хулио Энсисо ашты. Үзілістен кейін Германия сапындағы Кай Хаверц таразы басын теңестіріп, бұл әлем чемпионатындағы үшінші әрі соңғы голын соқты.
Негізгі және қосымша уақытта жеңімпаз анықалмады. Қосымша уақыттың алғашқы бөлігінің соңында Германия қорғаушысы Йонатан Та гол соққанымен, төрешілер қақпашыға шабуыл болды деген шешіммен голды есепке алмады. Даулы эпизодтан кейін ойын тағдыры пенальти сериясында шешіліп, парагвайлық футболшылар дәлдігімен көзге түсті.
Осылайша, Германия өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатында пенальти сериясында жеңіліс тапты. Бұған дейін немістер мундиальдағы пенальти серияларында бірде-бір рет қарсыласына есе жібермеген еді.
Айта кетейікғ, Парагвай Германия үшін бұрыннан қолайсыз қарсылас саналады. 2002 жылғы әлем чемпионатында да қос құрама плей-офф кезеңінде кездесіп, немістер жеңіс голын матч аяқталуына екі минут қалғанда ғана соққан болатын.
2026 жылғы әлем чемпионатында Германия топтық кезеңнің соңғы турында Эквадордан жеңілген еді. Ал плей-оффтың алғашқы айналымында тағы бір Оңтүстік Америка құрамасынан ұтылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.