Африкалық құрама Еуропа алпауытын жарыстан шығарды
Әлем чемпионатындағы тағы бір тосын нәтиже - Марокко Нидерландыны тізе бүктірді.
ашық дереккөзден
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кезекті сенсация тіркелді. Марокко құрамасы 1/16 финалда Еуропаның азулы командаларының бірі - Нидерландыны пенальти сериясында жеңіп, турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.
Мексиканың Гуадалупе қаласындағы «BBVA» стадионында өткен кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ал пенальти сериясында марокколықтар 3:2 есебімен басым түсіп, плей-оффтың келесі кезеңіне өтті.
Кездесуде есеп тек 72-минутта ашылды. Нидерланды құрамасының шабуылшысы Коди Гакпо қарсы шабуылды сәтті аяқтап, командасын алға шығарды. Алайда матч аяқталып келе жатқанда, нақтырақ айтқанда 90+1-минутта Марокко қорғаушысы Исса Диоп шабуылға қосылып, баспен гол соғып есепті теңестірді.
Қосымша уақытта қос команда да жеңіс голын соға алмады. Ойын тағдыры пенальти сериясында шешіліп, мұнда марокколық футболшылардың жолы болды. Нидерланды сапынан бірнеше ойыншы мүлт кетсе, Марокко шешуші соққыны сәтті орындады.
Бұл матчқа дейін Нидерланды әлем чемпионаттарында негізгі және қосымша уақытта қатарынан 15 ойын бойы жеңілмеген еді. Соңғы рет «қызғалдақтар елі» 2010 жылғы әлем чемпионатының финалында жеңіліс тапқан болатын.
Айта кетейік, қос құрама бұған дейін үш рет кездескен. Оның екеуі жолдастық матч болса, бір рет 1994 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнап, сол кезде Нидерланды 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Енді араға 32 жыл салып Марокко қарымта қайтарып, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Осылайша, Марокко әлем чемпионатының 1/8 финалына шығып, турнирдегі басты сенсациялардың біріне айналды.