Қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы беделді турнирде өнер көрсетті

Жарыстың жүлде қоры 1,55 млн АҚШ долларын құрайды.

Қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы беделді турнирде өнер көрсетті ашық дереккөзден

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Ontario Convention Center аренасында үстел теннисінен әлемнің үздік спортшыларын жинаған беделді United States Smash халықаралық турнирі өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан Кирилл Герасименко мен Зәуреш Акашева сынға түсті.

Зәуреш Акашева жарысты іріктеу кезеңінен бастады. Ол алғашқы кездесуде Швеция өкілі Кристина Калльбергті 3:2 есебімен жеңсе, кейін Үндістан спортшысы Диа Читалені дәл осындай есеппен ұтты. Алайда негізгі кезеңге жолдама беретін шешуші матчта сингапурлық Тан Чжао Юнға 1:3 есебімен жол беріп, турнирді аяқтады.

Ал Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Кирилл Герасименко жарысты бірден 1/32 финалдан бастады. Оның қарсыласы әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған, командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері әрі жастар арасындағы әлем чемпионы, жапониялық Сора Мацусима болды.

Кездесу барысында жапон спортшысы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің 1/16 финалына өтті. Осылайша, Кирилл Герасименко да жарысты алғашқы айналымда аяқтады.

Айта кетейік, United States Smash – әлемдік үстел теннисіндегі ең беделді турнирлердің бірі саналады. Мұнда рейтингтік маңызды ұпайлар сарапқа салынады.
2026 жылғы жарысқа әлемнің үздік спортшылары қатысуда. Олардың қатарында әлемнің бірінші ракеткасы Ван Чуцин, қазіргі әлем чемпионы Сун Инша, Бразилияның Олимпиада жүлдегері Уго Кальдерано, Жапонияның жұлдыздары Томоказу Харимото, Мива Харимото және Хина Хаята бар. United States Smash алғаш рет 2025 жылы АҚШ-та ұйымдастырылса, 2026 жылы турнир Лас-Вегастан Лос-Анджелес қаласына көшірілді. Бұл өзгеріс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары қарсаңында АҚШ-та үстел теннисін дамыту стратегиясының бір бөлігі саналады.

26-маусым басталған жарыс 5-шілдеге дейін жалғасады. Жарыстың жүлде қоры 1,55 млн АҚШ долларын құрайды. Ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сында чемпиондарға 2000 рейтингтік ұпай беріледі. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу