Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты
Турнирдің жеңімпазы 3,6 млн фунт стерлинг сыйақы алады.
ашық дереккөзден
Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Уимблдон-2026 турниріндегі алғашқы кездесуін сәтті өткізіп, жарыстың екінші айналымына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 11-орында тұрған қазақстандық теннисші турнирге оныншы нөмірлі спортшы ретінде қатысуда. Алғашқы айналымда ол әлемнің 491-ракеткасы, австралиялық Танаси Коккинакиспен кездесті.
Тартысты өткен матч бес сетке созылып, Александр Бубликтің жеңісімен аяқталды - 4:6, 6:3, 6:7, 6:3, 6:4.
Кездесу 3 сағат 39 минутқа жалғасты. Осы уақыт ішінде қазақстандық теннисші 28 эйс орындап, төрт рет қос қателік жіберді. Сонымен қатар тоғыз брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.
Келесі кезеңде қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 139-орында тұрған Франция өкілі Кириан Жакемен кездеседі. Француз спортшысы негізгі жарыс кестесіне іріктеу кезеңі арқылы жолдама алған болатын.