Норвегия әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты
Жеңісті голдың авторы - Эрлинг Холанд.
Getty Images
Футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Норвегия құрамасы Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
АҚШ-тың Даллас қаласында өткен тартысты кездесуде норвегиялықтардың жеңісіне Антонио Нуса мен Эрлинг Холандтың голдары себеп болды. Ал Кот-д’Ивуар сапынан Амад Диалло мергендігімен көзге түсті.
Матчтың шешуші сәтінде гол соққан Эрлинг Холанд осы әлем чемпионатындағы бесінші добын тіркеді. Осылайша ол турнирдің үздік сұрмергендері тізімінде алты голмен көш бастап тұрған Лионель Мессиден кейін екінші орынға көтерілді.
Осы жеңістің арқасында Норвегия 1/8 финалға шықты. Енді скандинавиялықтар 5 шілде күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатында Бразилия құрамасымен кездеседі. Бразилия 1/16 финалда Жапонияны 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өткен болатын.
Айта кетейік, әлем чемпионатының алғашқы плей-офф кезеңінен өткен құрамалар қатарында Канада, Марокко, Парагвай бар.