Чемпиондар лигасы қарсаңында «Қайрат» «Оқжетпесті» ойсырата жеңді
«Қайрат» турнирлік кестеде көш бастады.
ашық дереккөзден
Алматының «Қайраты» Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры аясында өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдап, жанкүйерлеріне нағыз шоу сыйлады. Жаңбырлы кеште өткен кездесуде алматылықтар қарсылас қақпасына жауапсыз бес гол соғып, 5:0 есебімен ірі жеңіске жетті.
Матчтың басты қаһарманы жазғы трансферде командаға қосылған испаниялық шабуылшы Марк Гуаль болды. Ол 30 және 36-минуттарда дубль жасады. Ал бірінші таймның соңына қарай Жоржиньо мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:0-ге жеткізді.
Екінші таймда да алаң иелері қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 79-минутта Эдмилсон төртінші голды соқса, ойынның соңғы минутында Азамат Тұяқбаев кездесудің нүктесін қойды - 5:0.
Бұл жеңістен кейін «Қайрат» 39 ұпай жинап, турнирлік кестенің бірінші орнына көтерілді. Ал 27 ұпайы бар «Оқжетпес» үздік үштіктегі орнын сақтап қалды.
Алматылықтарды енді бұдан да маңызды сынақ күтіп тұр. 8 және 16 шілде күндері «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубымен кездеседі. Алғашқы матч Алматыда өтсе, қарымта ойын Черногорияда ұйымдастырылады.