Қазақстандық жастар Азия чемпионатында үш жүлде еншіледі

Ерлер арасында финалдық бәсекелер мәресіне жетті.

Қазақстандық жастар Азия чемпионатында үш жүлде еншіледі ашық дереккөзден

Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан U15 және U20 жас санаттарындағы Азия чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресінен жастар құрамасы тамаша нәтиже көрсетті. Турнирдің екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

Ең жоғары нәтижені 82 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Еркебұлан Анапия көрсетті. Ол жартылай финалда тәжікстандық Мұхаммад Султонзоданы мерзімінен бұрын жеңіп, финалға жолдама алды. Алайда алтын медаль үшін өткен белдесуде Иран өкілі Алиреза Аббас Мохаммад Хоссейниден жеңіліп, Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта Алпамыс Болатұлы қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде ол жапониялық Юсукэ Хиротаны сенімді түрде ұтты.

Қазақстан қоржынына тағы бір қоланы 97 келіге дейінгі салмақта Максим Украинцев салды. Ол шешуші белдесуде Қытай балуаны Синью Люден басым түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен U20 санатындағы жарысты 141 ұпаймен аяқтап, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.

Енді чемпионаттың кезегі әйелдер күресіне берілді. 3 шілде күні барлық 10 салмақ дәрежесі бойынша іріктеу, жартылай финал, жұбаныш және медаль үшін белдесулер өтеді. Финалдық кездесулер жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу