Испания Аустрияны жеңіп, әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты

Испания 1/8 финалда Португалиямен кездесетін болды.

Испания Аустрияны жеңіп, әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты championat

Футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Испания құрамасы Аустрияны 3:0 есебімен жеңді. Лос-Анджелесте өткен кездесуде испаниялықтар ойын тізгінін толық өз қолында ұстап, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.

Матчтағы алғашқы голды 36-минутта шабуылшы Микель Ойярсабаль соқты. Ол Марк Кукурельяның нәтижелі пасын пайдаланып, есеп ашты. Екінші таймда Испания шабуылды үдете түсіп, 66-минутта қорғаушы Педро Порро ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты.

Кездесудің соңғы нүктесін тағы да Ойярсабаль қойды. 89-минутта ол Кукурельяның кезекті нәтижелі пасынан кейін дубль авторы атанып, матчтағы қорытынды есепті белгіледі - 3:0.

Испания құрамасының шабуылдағы басты қаруларының бірі болған жас жұлдыз Ламин Ямаль да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оның жылдамдығы, дриблингі және шабуылдағы креативті әрекеттері аустриялық қорғаушыларға үлкен қиындық туғызды. Испания ойын барысында допты да, кеңістікті де толық бақылап, қарсыласына қауіпті шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді.

Қорғаныста да испаниялықтар мінсіз ойын көрсетті. Қақпашы Унаи Симон өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Осылайша, Испания құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалына шығып, Хорватияны 2:1 есебімен жеңген Португалиямен кездесетін болды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу