Қазақстанда паделден тұңғыш ел чемпиондары анықталды

Алматы қаласында ересектер арасында паделден Қазақстан Республикасының тұңғыш чемпионаты аяқталды.

Қазақстанда паделден тұңғыш ел чемпиондары анықталды ашық дереккөзден

Ел тарихындағы алғашқы ұлттық біріншілік 30 маусым мен 1 шілде аралығында ADD Padel and Table Tennis Center корттарында өтіп, оған еліміздің үздік паделшілері қатысты.

Екі күнге созылған тартысты бәсекеде спортшылар ерлер және әйелдер санатында Қазақстанның алғашқы чемпиондары атағы үшін сынға түсті.

Ерлер арасындағы финалда Евгений Данилов пен Жәнібек Үмбетов чемпиондық атақты жеңіп алды. Олар шешуші кездесуде Родион Пак пен Никита Сидоровты 7:6, 6:3 есебімен жеңді. Ал Жакас Қозбақ пен Алдияр Мұздыбаев қола жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасындағы жарыста Мария Синицына мен Альбина Хабибулина алтын медальді жеңіп алды. Финалда олар Айгерім Сүлеймен мен Татьяна Гиоргадзені 6:4, 7:5 есебімен ұтып, ел чемпионы атанды. Қола жүлдені Әнел Кильдиярова мен Альбина Матвеева еншіледі.

Енді Қазақстан құрамасының көшбасшылары халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды. Алдағы күндері олар Әзербайжанда өтетін FIP Bronze Baku турниріне қатысса, кейін Индонезиядағы FIP Bronze Jakarta додасында бақ сынайды. Ал маусымның басты жарысы қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындары болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу