Мбаппе пенальтиден гол соғып, Францияны ширек финалға алып шықты
Франция әлем чемпионатының ширек финалында Мороккомен кездеседі.
ашық дереккөзден
Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Франция құрамасы Парагвайды 1:0 есебімен жеңіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Филадельфиядағы «Линкольн Файненшел Филд» стадионында өткен кездесуде француздар матч бойы ойын тізгінін өз қолында ұстады. Допқа иелік ету, шабуыл ұйымдастыру және қауіпті сәттер жасау жағынан Дидье Дешам шәкірттері басым болғанымен, Парагвай қорғанысы ұзақ уақыт бойы қарсыласын тоқтатып отырды.
Алғашқы таймда Франция бірнеше рет қақпаға қауіп төндіргенімен, Ману Коне, Адриен Рабьо, Усман Дембеле және Килиан Мбаппенің әрекеттерінен нәтиже шықпады. Парагвай ойыншылары негізінен қорғанысқа басымдық беріп, қарсы шабуылда аса белсенділік танытқан жоқ.
Екінші таймда да ойын өрнегі айтарлықтай өзгерген жоқ. Франция шабуылдарын үдете түсті7 Алайда шешуші сәтте дәлдік жетіспеді. Матч тағдырын 70-минуттағы эпизод шешті. Дезире Дуэ айып алаңында ереже бұзып, бейнеқайталауды қарағаннан кейін бас төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік айып добын Килиан Мбаппе мүлтіксіз орындап, кездесудегі жалғыз голдың авторы атанды.
Голдан кейін Парагвай алға шығуға мәжбүр болды. Дегенмен оңтүстікамерикалық құрама шабуылда аса қауіпті мүмкіндік жасай алмады. Француз қорғанысы сенімді ойнап, қақпашы Майк Меньян сирек соққылардың бәрін қайтарды.
Кездесудің соңғы минуттары тартысты өтті. Алаңда бірнеше рет ойыншылар арасында жанжал туындады. Соған қарамастан Франция есепті сақтап қалды - 1:0.
Осылайша Франция құрамасы әлем чемпионатының ширек финалына шығып, келесі кезеңде Мароккомен кездесетін болды. Ал, Парагвайдың турнирдегі жолы 1/8 финалда аяқталды.
Айта кетейік, Франция осы әлем чемпионатында қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұған дейін топтық кезеңде Сенегал, Ирак және Норвегияны жеңген француздар плей-оффтың алғашқы матчында Швециядан басым түскен еді. Енді олар чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, ширек финалда Мароккоға қарсы маңызды сынға дайындалады.