Қазақстан мен ITTF 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойды
Алғаш рет елімізде үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді.
ашық дереккөзден
Астанада 2027 жылы өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын ұйымдастыруға дайындық аясында маңызды келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин мен Петра Сёрлинг қол қойды.
Келісім 3 шілде күні Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті ашылған күні рәсімделді. Құжат 2027 жылғы әлем чемпионатын Халықаралық үстел теннисі федерациясы талаптары мен халықаралық стандарттарына сәйкес ұйымдастыру бойынша тараптардың өзара ынтымақтастығын бекітеді.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин бұл оқиғаның елдегі үстел теннисін дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанға көрсетілген сенім – соңғы жылдары атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Өз кезегінде ITTF президенті Петра Сёрлинг Қазақстанмен бірлесіп әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге сенім білдіріп, Астанадағы жарыс ұйым тарихындағы үздік турнирлердің біріне айналатынына үміт артатынын жеткізді.
Үстел теннисінен әлем чемпионаты 2027 жылдың 22–30 мамыры аралығында Астанада өтеді. Бұл – Орталық Азия тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын ITTF World Table Tennis Championships Finals турнирі. Байрақты бәсекеге әлемнің 100-ден астам елінен үздік спортшылар, мыңдаған жанкүйер, халықаралық серіктестер мен әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді деп күтілуде.