«Ордабасы» көшбасшылықты өз қолына алды
Бүгінгі ойындағы жалғыз голды таяуда ғана шымкенттік клуб сапына қосылған 34 жастағы норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен салды.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры аясында өткен кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0 есебімен жеңді.
Матч бойы қос команда тартысты ойын көрсеткенімен, алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін де ойын тең дәрежеде өрбіді. Алайда 70-минутта норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен мергендігімен көзге түсіп, кездесудегі жалғыз голдың авторы атанды.
Осылайша «Ордабасы» маңызды үш ұпайды еншілеп, ұпай санын 40-қа жеткізді және Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде жеке-дара көш бастады. Бұған дейін бірінші орында тұрған алматылық «Қайрат» екінші орынға сырғыды.
Ал «Ұлытау» жеңілістен кейін 23 ұпаймен жетінші орында қалды.