Холандтың дубльі Бразилияны еліне қайтарды
Скандинавиялық құрама өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
ашық дереккөзден
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегия құрамасы бес дүркін әлем чемпионы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің басты сенсацияларының бірін жасады. Кездесудің басты қаһарманы Эрлинг Холанд дубль авторы атанып, өз командасын тарихта алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына алып шықты.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ екі құрама жоғары қарқын көрсетті. Үшінші минутта Патрик Берг есеп ашқандай болғанымен, VAR офсайдты тіркеп, гол есепке алынбады.
Оныншы минутта бразилиялықтар қарымта шабуыл ұйымдастырып, Матеус Кунья айып алаңында ереже бұзды. Бас төреші бейнеқайталауды қарап шыққаннан кейін пенальти белгіледі. Алайда Бруно Гимарайнш 11 метрлік соққыны голға айналдыра алмады. Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд тамаша сейв жасап, командасын құтқарып қалды. Бұл Гимарайнштың мансабындағы алғашқы сәтсіз пенальти болды.
Бірінші таймның қалған бөлігінде Бразилия бірнеше мүмкіндікке ие болды. Винисиус Жуниор мен Данилоның соққылары да Нюландтан өте алмады. Норвегиялық голкипер сенімді ойынымен кездесудің басты жұлдыздарының біріне айналды. Үзіліске командалар 0:0 есебімен аттанды.
Екінші таймда да Бразилия шабуылды үдеткенімен, Нюланд қақпасын алынбас қамалға айналдырды. Ал 68-минутта Карло Анчелотти Неймарды алаңға шығарып, шабуылды күшейтуге тырысты. Бірақ бұл шешім ойын тағдырын өзгерте алмады.
79-минутта Норвегия көптен күткен голын соқты. Андреас Шельдеруптың пасынан кейін Эрлинг Холанд баспен қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Ал негізгі уақыттың соңында дәл осы қос ойыншы тағы да нәтижелі комбинация ұйымдастырып, Холанд дубль рәсімдеді.
Қосымша уақытта Бразилия тағы бір пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жолы Неймар мүлт кеткен жоқ. Ол ұлттық құрама сапындағы 80-ші голын тіркеді. Алайда бұл нәтиже жеңілістен құтқаруға жеткіліксіз болды.
Бұл жеңіс Норвегия үшін тарихи жетістікке айналды. Скандинавиялық құрама өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Эрлинг Холанд болса тағы бір тарихи белесті бағындырды. Ол әлем чемпионатындағы алғашқы төрт матчтың барлығында гол соққан тарихтағы сегізінші еуропалық футболшы атанды. Бұған қоса, шабуылшы Норвегия құрамасы сапындағы ресми кездесулердегі голдық сериясын 14 матчқа жеткізді.
Норвегия енді ширек финалда әлем чемпионы атағына басты үміткерлердің бірімен кездеседі. Ал Бразилия тағы бір әлемдік додада жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмай, турнирмен ерте қоштасты.