Беллингемнің дублі Англияны ширек финалға шығарды

Англия құрамасы 10 ойыншымен-ақ жарыс қожайындарын тізе бүктірді.

Беллингемнің дублі Англияны ширек финалға шығарды ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Англия құрамасы Мексиканы 3:2 есебімен жеңіп, қатарынан үшінші рет әлем біріншілігінің ширек финалына жолдама алды.

Матч Мехикода найзағай қаупіне байланысты бір сағатқа кеш басталды. Соған қарамастан, жанкүйерлер тартысқа толы кездесудің куәсі болды.

Англия сапында Джуд Беллингем дубльдің авторы атанды. Ал Харри Кейн пенальтиден мергендік танытып, командасының үшінші голын соқты. Мексика құрамасы сапынан Хулиан Киньонес пен Рауль Хименес көзге түсті. Хименес те 11 метрлік айып добын сәтті орындады.

Кездесудің 52-минутында ағылшын қорғаушысы Джарелл Куанса Хесус Гальярдоға қарсы ереже бұзып, тікелей қызыл қағаз алды. Соған қарамастан, 10 ойыншымен қалған Англия жеңісті есепті сақтап қалды.

Осылайша, Англия құрамасы қатарынан үшінші әлем чемпионатында ширек финалға шықты. Енді олар 12 шілдеде Майамиде Норвегиямен кездесіп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Ал Мексика әлем чемпионатымен қоштасты. Осылайша, Канададан кейін турнир қожайындарының тағы бір өкілі 1/8 финал кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу