Неймар Бразилия құрамасындағы мансабын аяқтады
Неймар төрт әлем чемпионатында гол соққан тарихтағы Пеледен кейінгі екінші бразилиялық футболшы атанды.
Getty Images
Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл шешім бүгін, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегиядан 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін белгілі болды.
«Мен барымды салдым, бірақ енді бәрі аяқталды», – деді тәжірибелі футболшы матчтан кейін.
Кездесудің қосымша уақытында Неймар пенальтиден гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, Бразилияны жеңілістен құтқара алмады. Бұл оның 2026 жылғы әлем чемпионатындағы екінші голы болды. Бұған дейін ол Жапонияға қарсы матчта да мергендік танытқан еді.
34 жастағы шабуылшы турнирдің алғашқы ойындарын жарақатына байланысты өткізіп алған болатын. Оның әлем чемпионатына қатысуы да күмән тудырған еді. Алайда бас бапкер Карло Анчелотти тәжірибелі ойыншыны соңғы құрамға қосып, мұны футболшының ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге деген зор ынтасымен түсіндірді.
Неймар Бразилия құрамасы тарихындағы ең үздік сұрмерген саналады. Ол ұлттық құрама сапында 130 матч өткізіп, 80 гол соқты. Мансабында Олимпиада ойындарының алтынын, Конфедерациялар кубогын және Америка кубогын жеңіп алғанымен, әлем чемпионатының басты жүлдесін иелене алмады.