Қазақстан бокс құрамалары АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын бастады

АҚШ-тағы қазіргі оқу-жаттығу жиыны Қазақстан боксшыларының алдағы жауапты жарыстар алдындағы дайындық деңгейін арттырып, халықаралық тәжірибе жинақтауына зор мүмкіндік береді.

Қазақстан бокс құрамалары АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын бастады ашық дереккөзден

Қазақстанның ерлер және әйелдер бокс құрамалары АҚШ-та ауқымды оқу-жаттығу жиынын бастады. Калифорния штатының Санта-Моника қаласында өтіп жатқан дайындық кезеңі ұлттық құрамалар үшін алдағы басты халықаралық жарыстарға, соның ішінде Азия ойындары мен 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына апарар маңызды қадам болмақ.

Боксшылар 5 шілде күні АҚШ-қа жетіп, Калифорния университетінің оқу-жаттығу кампусына орналасты. Ұзақ жолдан кейін спортшылар бейімделу кезеңінен өтіп, алдағы күндері толыққанды жаттығу жұмыстарына кіріседі.

36 күнге жоспарланған жиын 8 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында ұлттық құрама мүшелері жалпы дене дайындығын жетілдіріп, техникалық-тактикалық шеберліктерін шыңдайды. Жаттығулардың бір бөлігі әлемге танымал Camacho Performance спорттық базасында, сондай-ақ Brig House бокс залында өтеді.

Жиынның алғашқы кезеңі физикалық дайындыққа арналса, соңғы екі аптада қазақстандық боксшылар америкалық кәсіпқой былғары қолғап шеберлерімен спаррингтік кездесулер өткізеді. Мұндай тәжірибе спортшылардың халықаралық деңгейдегі қарсыластарға бейімделуіне және жарыс алдындағы бабын күшейтуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте 14-30 шілде аралығында өтеді. Ал Олимпиадаға жолдама беретін алғашқы ірі дода 2027 жылдың сәуір айында Астанада ұйымдастырылатын бокстан лицензиялық әлем чемпионаты болмақ. Бұл турнир Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан Олимпиада-2028 іріктеуінің алғашқы және негізгі кезеңі ретінде бекітілген. Әлем чемпионатында 44 олимпиадалық жолдама сарапқа салынады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу