Испания әлем чемпионатының 1/4 финалына шықты

Роналду матчтан кейін көз жасына ерік берді.

Испания әлем чемпионатының 1/4 финалына шықты ашық дереккөзден

Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания құрамасы Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.

АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласындағы «AT&T Stadium» аренасында өткен кездесуде есеп ұзақ уақыт бойы ашылмады. Матч тағдыры екінші таймға қосылған қосымша уақыттың алғашқы минутында шешілді. 90+1-минутта Ферран Торрестің нәтижелі пасынан кейін Микель Мерино жеңіс голын соғып, Испанияны келесі кезеңге шығарды.

Осылайша, испаниялықтар ширек финалда Бельгиямен күш сынасады.

Ал Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду матч аяқталғаннан кейін эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берді. Бұған дейін 41 жастағы футболшы 2026 жылғы әлем чемпионаты өзінің мансабындағы соңғы мундиаль болатынын мәлімдеген еді.

Роналду турнир барысында Португалия сапында бес матч өткізіп, үш голдың авторы атанды. 

Естеріңізге сала кетейік, әлем чемпионатының қазіргі чемпионы - Аргентина құрамасы. Аргентиналықтар 2022 жылғы финалда Францияны пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу