«Қайрат» Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Алматылық клуб соңғы минуттарда жеңіс голын соқты.

«Қайрат» Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады ашық дереккөзден

«Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Черногорияның «Сутьеска» командасын 2:1 есебімен жеңді.

Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Бірінші таймда алаң иелері бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп аша алмады. Осылайша командалар үзіліске 0:0 есебімен аттанды.

Екінші таймда «Қайраттың» басымдығы нәтижесін берді. Матчтың 76-минутында бұрыштамадан көтерілген доптан кейін Исмаил Бекболат әуелеген допты алыстағы бағанаға бағыттап, жаңа маусым алдында командаға қосылған бразилиялық қорғаушы Лукас Африко есеп ашты.

Алайда кездесудің 90-минутында «Сутьесканың» шабуылшысы Марко Мрвалевич таразы басын теңестіріп, есепті 1:1-ге жеткізді.

Соған қарамастан алматылықтар жеңісті жұлып алды. Төреші қосқан қосымша уақыттың 93-минутында Исмаил Бекболат екінші нәтижелі пасын беріп, испаниялық шабуылшы Марк Гуаль жеңіс голын соқты.

Осылайша Қазақстан чемпионы Чемпиондар лигасының жаңа маусымын жеңіспен бастап, қарымта матч алдындағы маңызды басымдыққа ие болды.

Екі команда арасындағы қарымта кездесу 16 шілде күні Черногорияда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу