Олимпиада чемпионына сот үкімі шықты
Қазақстандық былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
ашық дереккөзден
Бүгін 9 шілде күні Данияр Елеусіновтің мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік істі қарады.
Сот мәліметінше, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндеп, Астана көшелерінде бірден үш жол-көлік оқиғасын жасаған.
Іс материалдарына сәйкес, ол алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тіреуіне соғылған. Кейін тағы бір автокөлікпен соқтығысып, екпіннің әсерінен үшінші көлікке соққан. Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққының салдарынан аталған көлік Toyota Hilux автокөлігіне барып соғылған.
Оқиғалар салдарынан бірнеше көлікке механикалық зақым, материалдық шығын келген.
Сотта жүргізілген медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, Елеусіновтің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Оның кінәсі әкімшілік хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен расталған.
Сот отырысында боксшы өз кінәсін толық мойындады.
Сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі бойынша саралап, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы жаза тағайындады.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.