Қазақстандық шахматшы Бразилияда топ жарды
Әлішер Сүлейменов халықаралық турнирдің чемпионы атанды.
ашық дереккөзден
Қазақстандық гроссмейстер Әлішер Сүлейменов Бразилияда өткен беделді X Torneio Internacional de Xadrez SESC Caiobá халықаралық шахмат турнирінде жеңімпаз атанды.
28 маусым мен 5 шілде аралығында Матиньюс қаласында өткен додаға 150 шахматшы қатысып, олардың қатарында Оңтүстік Американың жетекші гроссмейстерлері де болды. Турнир классикалық шахмат, рапид және блицтен тұратын «шахмат триатлоны» форматында ұйымдастырылды.
Ең маңызды саналатын классикалық турнирде Әлішер Сүлейменов 9 партияның 8-інде жеңіске жетіп, 8 ұпаймен ешкімге дес берген жоқ. Қазақстандық шахматшы жарыс барысында Парагвайдың гроссмейстері Аксель Бахман, Бразилия өкілдері Луис Паулу Супи мен Яго Сантьяго секілді мықты қарсыластарын артта қалдырды.
Ал классика, рапид және блиц нәтижелері есептелетін жалпы «шахмат триатлонында» Әлішер Сүлейменов екінші орынға ие болды. Бұл сында ол тек бразилиялық гроссмейстер Александр Фиерге есе жіберді.