Әлем чемпионатындағы басты интрига: Марокко Франциядан есе қайтара ала ма?

Санаулы сағаттардан кейін әлем чемпионатының ширек финалындағы басты интрига кімнің пайдасына шешілетіні белгілі болады.

Әлем чемпионатындағы басты интрига: Марокко Франциядан есе қайтара ала ма? ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалы нағыз тартысты матчпен басталады. АҚШ-тағы «Джилетт» стадионында Франция мен Марокко құрамалары жартылай финалдың алғашқы жолдамасын сарапқа салады.

Бұл кездесу жай ғана ширек финал емес. Бұл 2022 жылғы Қатарда өткен әлем чемпионатының жартылай финалының жалғасы іспеттес. Сол жолы Дидье Дешамның шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға шыққан болатын. Енді араға төрт жыл салып, «Атлас арыстандары» есе қайтаруға мүмкіндік алды.

Франция бұл турнирде өзінің чемпиондық амбициясын толық дәлелдеп келеді. Олар топтық кезеңде Сенегалды (3:1), Иракты (3:0) және Норвегияны (4:1) сенімді жеңіп, тоғыз ұпаймен бірінші орын алды. Осылайша Франция Мексика мен Аргентинадан кейін топтық кезеңде барлық матчында жеңіске жеткен үшінші құрама атанды.

Плей-оффта да француздар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Алдымен Швецияны 3:0 есебімен ұтса, 1/8 финалда Парагвайды минималды есеппен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Алайда бұл жолы Францияны соңғы жылдары әлем футболындағы ең қауіпті ұжымдардың біріне айналған Марокко күтіп тұр.

2022 жылғы әлем чемпионатында тарихи төртінші орын алған африкалық команда кейін Африка Ұлттар кубогын жеңіп алып, енді 2026 жылғы мундиалда да жеңіліссіз ширек финалға дейін жетті. Мұхамед Уаби баптайтын команда тәртіпке негізделген қорғанысымен, жоғары жылдамдықтағы қарымта шабуылдарымен ерекшеленеді.

Марокко құрамасының басты жұлдызы - ПСЖ қорғаушысы Ашраф Хакими. Сонымен қатар мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Брахим Диас та команданың шабуылдағы негізгі қаруы саналады. Еуропалық футбол мектебінен өткен ойыншылар мен марокколық қайсарлықтың үйлесімі бұл құраманы кез келген фаворит үшін қауіпті қарсыласқа айналдырып отыр.

Қағаз жүзінде фаворит - Франция. Бірақ, Марокко бұған дейін де көптеген футбол сарапшыларының болжамын жоққа шығарған команда. Сондықтан бұл матчта сенсация болуы әбден мүмкін.

Ширек финалдың алғашқы ойыны бүгін түнгі 00:50-де басталады. Жеңіске жеткен команда әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алады. Жанкүйерлердің назары енді «Джилетт» стадионында өтетін осы айтулы текетіреске ауады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу