Франция Марокконы жеңіп, әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалисі атанды

Мбаппе үздік сұрмергендер тізімінде аргентиналық Лионель Мессимен теңесті

Франция Марокконы жеңіп, әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалисі атанды ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Франция құрамасы Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Фоксборо қаласында өткен кездесуде француздар ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ өз қолына алды. Алайда есеп тек екінші таймда ашылды. Матчтың 60-минутында команда капитаны Килиан Мбаппе мергендігімен көзге түссе, араға алты минут салып Усман Дембеле есепті 2:0-ге жеткізді.

Бірінші таймның ортасында Мбаппенің пенальтиден соққан добын марокколық қақпашы Яссин Буну қайтарып, өз командасын голдан құтқарды. Соған қарамастан, француз шабуылшысы турнирдегі сегізінші голын соғып, үздік сұрмергендер тізімінде аргентиналық Лионель Мессимен теңесті. Ал Дембеленің еншісінде бес гол бар.

Осылайша Франция құрамасы қатарынан екінші әлем чемпионатында Марокконы плей-офф кезеңінде 2:0 есебімен жеңді. Екі команда 2022 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында да кездесіп, дәл осындай есеппен француздар басым түскен болатын. Жалпы Франция Мароккомен өткен ресми матчтарда әлі жеңіліп көрген жоқ.

Енді Дидье Дешам шәкірттері 14 шілдеде Арлингтонда өтетін жартылай финалда Испания мен Бельгия арасындағы жеңімпазбен кездеседі.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді. Әлем чемпионатының аяқталуына санаулы матч қана қалды. Енді әрбір ойынның маңызы арта түсті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу