Ернұр Мырзахмет жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Зілтеміршіміз екінші жыл қатарынан жастар арасындағы әлем чемпионатында үздіктердің қатарынан көрінді.
ашық дереккөзден
Қазақстандық ауыр атлет Ернұр Мырзахмет Колумбияда өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қазақстандық спортшы қос сайыс қорытындысы бойынша 304 келіні (жұлқа көтеру – 142 кг, серпе көтеру – 162 кг) бағындырып, үздік үштіктен көрінді.
Бұл салмақта әлем чемпионы атағын мысырлық Мұстафа Абдельради иеленді. Ол 318 келі (143+175) көтерсе, күміс жүлде Ливия өкілі Абдулрауф Халифаға бұйырды. Оның нәтижесі – 305 келі (137+168).
Айта кетейік, Ернұр Мырзахмет жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші жыл қатарынан жүлдеге қол жеткізіп отыр. Былтыр ол 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленген еді.