Анастасия Рыпакова Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды
Азия чемпионатында қазақстандық жеңіл атлет жеке рекордын жаңартты.
ашық дереккөзден
Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Рыпакова күміс жүлдеге ие болды.
Ұзындыққа секіру сайысында қазақстандық жеңіл атлет ең үздік нәтижесін төртінші әрекетінде көрсетіп, 6,11 метрге секірді. Бұл оның биылғы маусымдағы жеке рекорды.
Жарыс барысында Рыпакова алғашқы әрекетінде небәрі 4,46 метр нәтижесін тіркегенімен, кейін біртіндеп көрсеткішін жақсартып, жүлделі орынға көтерілді. Үшінші мүмкіндігінде 6,02 метрге секірсе, төртінші әрекетінде 6,11 метрге жетіп, екінші орынға тұрақтады.
Азия чемпионы атанған Қытай өкілі Иньин Хуан 6,48 метр нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Ал қола медаль Вьетнам спортшысы Тхи Тху Ханг Хаға бұйырды. Ол 6,10 метрге секіріп, Рыпаковадан небәрі бір сантиметрге қалып қойды.
Айта кетейік, Анастасия Рыпакова бұған дейін 2023 жылы 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алған болатын. Ордостағы күміс жүлде оның халықаралық деңгейдегі әзірге ең жоғары жетістігі.