Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке дайындалып жатыр
Мейірім Нұрсұлтанов америкалық боксшымен WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) қыркүйек айында Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) уақытша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізетінін растады.
Орта салмақтағы WBC рейтингінің көшбасшысы әрі міндетті үміткер өзінің Instagram парақшасында жаттығу барысынан фото жариялап, маңызды айқасқа тыңғылықты дайындалып жатқанын көрсетті.
«Команда. Қыркүйекте үлкен оқиғаға дайындалып жатырмыз. Жаңалықтарды күтіңіздер!» – деп жазды Нұрсұлтанов.
Бұған дейін бірнеше беделді ақпарат көзі қазақстандықтың WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы америкалық Хесус Рамос кішімен (24-1, 19 КО) жұдырықтасатынын хабарлаған еді. Инсайдер Лэнс Пагмайрдың мәліметінше, титулдық кездесу 19 қыркүйекте АҚШ-тың Аризона штатында өтеді.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет шаршы алаңға 2023 жылдың 17 қарашасында Ташкентте шыққан. Ол сол кездесуде чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіп, WBC бойынша міндетті үміткер мәртебесін сақтап қалған болатын.