Испания соңғы минутта жеңісті жұлып әкетті
Испания әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.
ашық дереккөзден
Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
АҚШ-тың Инглвуд қаласында өткен тартысты кездесуде есепті 30-минутта Фабиан Руис ашты. Дани Ольмоның соққысын бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа қайтара алғанымен, допқа бірінші болып жеткен Руис есепті өз командасының пайдасына өзгертті.
Алайда бельгиялықтар көп күттірмей жауап қайтарды. 41-минутта Шарль де Кетеларе мергендік танытып, Испанияның осы әлем чемпионатындағы алғашқы жіберген голының авторы атанды.
Екінші таймда екі команда да шабуылға басымдық беріп, ойын жоғары қарқынмен өрбіді. 71-минутта Бельгияның негізгі қақпашысы Тибо Куртуа жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін ойын тізгінін толық қолға алған испандар жеңіс добын матчтың 88-минутында соқты. Шешуші сәтте Микель Мерино қарсылас қақпасынан саңылау тауып, өз командасын жартылай финалға алып шықты.
Енді Испания жартылай финалда Франция құрамасымен кездеседі. Француздар ширек финалда Марокконы жеңіп, келесі кезеңге өткен болатын. Қос команда арасындағы кездесу 14 шілдеде АҚШ-тың Арлингтон қаласында өтеді.
Әлем чемпионатының қалған ширек финалдық кездесулерінде Норвегия мен Англия, сондай-ақ Аргентина мен Швейцария құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.