Максим Балабин Азия чемпионатында үздік үштікке енді
Ордостағы Азия чемпионатында ел қоржынына екінші жүлде түсті.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы
Қазақстандық сырықпен секіруші Максим Балабин жастар арасындағы (U23) тұңғыш Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан құрлық біріншілігінде отандасымыз 5,05 метр биіктікті алғашқы мүмкіндігінде-ақ бағындырып, жүлдегерлер қатарына енді. Осы нәтиженің арқасында ол төртінші орын алған қытайлық Уанкан Вудан озып шықты.
Балабин 5,20 метр биіктікті бағындыруға талпынғанымен, бұл жолы межені еңсере алмады. Дегенмен бұған дейін ол Гұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнирде 5,20 метр нәтижесін көрсетіп, өзінің жеке рекордын қайталаған болатын.
Алтын медальді 5,45 метр нәтижемен Қатар өкілі Сайфельдин Абдесалам жеңіп алса, күміс жүлде 5,20 метр көрсеткішпен қытайлық Жуй Люге бұйырды.
Бұл Қазақстан құрамасының U23 Азия чемпионатындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін ұзындыққа секіруден Анастасия Рыпакова күміс медаль жеңіп алған еді.