Әлем чемпионатының үздік сұрмергені атағын кім иеленеді?
Мбаппе көш бастап тұр.
ашық дереккөзден
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Чемпиондықпен қатар турнирдің үздік сұрмергені атану жолындағы тартыс та қыза түсті.
Қазір Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе сегіз голмен көш бастап тұр. Дәл осындай көрсеткіш Лионель Мессиде де бар. Алайда ФИФА ережесіне сәйкес, гол саны тең болған жағдайда нәтижелі пастар есепке алынады. Бұл көрсеткіште Мбаппе алда. Оның еншісінде үш ассист болса, Мессиде бір ғана нәтижелі пас бар.
Үздік бомбардирлер жарысында Эрлинг Холанд (7 гол) пен Харри Кейн (6 гол) де үміткерлер қатарында. Егер гол мен ассист саны бірдей болса, онда жеңімпаз алаңда аз уақыт өткізген футболшы болып танылады.
Мбаппе тарихи рекордқа да жақындап келеді. Ол осы мундиальда 8 гол соғып, 3 нәтижелі пас беріп, жалпы 11 ұпай (8+3) жинады. Ал бір әлем чемпионатындағы ең үздік «гол+пас» көрсеткіші Герд Мюллерге тиесілі - 13 ұпай (10+3). Францияны алда кемінде тағы екі матч күтіп тұрғандықтан, француз шабуылшысының бұл рекордты жаңартуға мүмкіндігі бар.
Ал әлем чемпионаттары тарихындағы жалпы «гол+пас» көрсеткіші бойынша көш басында Месси тұр - 30 ұпай (21+9). Екінші орында Мбаппе - 25 ұпай (20+5).
Әзірге әлем чемпионатының үздік сұрмергені атағына басты үміткер - Килиан Мбаппе. Дегенмен Месси, Холанд және Кейн секілді жұлдыздардың бұл бәсекеде соңғы сөзін әлі айтпағаны анық.