Беллингемнің дубльі Англияны жартылай финалға шығарды
Матчтың басты қаһарманы Англияның жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем болды.
Getty Images
Футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Англия құрамасы Норвегияны қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Көпшілік бұл кездесуді Харри Кейн мен Эрлинг Холандтың текетіресі ретінде күткенімен, екі шабуылшы да гол соға алмады. Матчтың басты қаһарманы Англияның жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем болды. Ол екі мәрте мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады.
Есепті 36-минутта Норвегия сапынан Андреас Шельдеруп ашты. Ол айып алаңының сыртынан бағыттаған дәл соққысымен қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Осы сәттен бірнеше секунд бұрын Харри Кейн ереже бұзылды деп төрешіден ысқырық күткен еді. Алайда ойын тоқтатылған жоқ.
Бірінші таймға қосылған уақытта Энтони Гордонның нәтижелі пасынан кейін Джуд Беллингем таразы басын теңестіріп, командалар үзіліске 1:1 есебімен кетті.
Екінші таймда екі команда да гол соққанымен, екеуі де есепке алынбады. Алдымен Харри Кейн офсайдта қалып қойғаны үшін голынан айырылса, кейін норвегиялық Турбьёрн Хеггемнің добы VAR тексерісінен соң Эрлинг Холандтың шабуыл алдындағы ереже бұзғаны анықталып, есепке алынбады.
Матч тағдыры қосымша уақыттың алғашқы бөлігінде шешілді. Морган Роджерстің соққысын қақпашы қайтара алғанымен, допқа бірінші болып жеткен Беллингем есепті 2:1-ге жеткізіп, Англияны алға шығарды.
Қосымша уақыттың екінші бөлігінде Эрлинг Холанд жарақатына байланысты алаңнан кетуге мәжбүр болды. Алайда Норвегия есепті теңестіре алмады.
Матчтан кейін Англия құрамасының бас бапкері Томас Тухель ойын сапасына көңілі толмағанын жасырмады.
«Жігіттер барын салды. Бірақ өзімізге өзіміз қиындық туғыздық. Техникалық қателік көп болды. Ойынымыз баяу әрі дәл болмады. Бүгін бізге сәттілік серік болды», - деді неміс маманы.
Енді Англия жартылай финалда қазіргі әлем чемпионы Аргентинамен кездеседі. Ал екінші жартылай финалда Франция мен Испания өзара финал жолдамасын сарапқа салады.