Месси бастаған Аргентина Англияға қарсы матчқа жолдама алды

Әлем чемпионын анықтайтын шешуші сәт те таяп қалды.

Месси бастаған Аргентина Англияға қарсы матчқа жолдама алды ашық дереккөзден

Футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Аргентина құрамасы Швейцарияны қосымша уақытта 3:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Канзас-Ситиде өткен тартысты кездесуде негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Матчтың есебі 10-минутта ашылды. Лионель Месси орындаған бұрыштамадан кейін Алексис Макаллистер баспен дәл соққы жасап, Аргентинаны алға шығарды. Алайда швейцариялықтар берілмеді. Екінші таймның ортасында Дан Ндойе жылдам қарсы шабуылды сәтті аяқтап, таразы басын теңестірді.

72-минутта ойын тағдырына әсер еткен маңызды сәт орын алды. VAR көмегімен қайталанған эпизодтан кейін Швейцария шабуылшысы Брель Эмболо төрешіні алдамақ болғаны үшін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша швейцариялықтар матчтың қалған бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.

Сан басымдығына қарамастан Аргентина негізгі уақытта жеңіс голын соға алмады. Швейцария қорғаныста сауатты ойнап, матч қосымша уақытқа ұласты.

Кездесудің шешуші сәті 112-минутта туды. Хулиан Альварес айып алаңы сыртынан шамамен 20 метр қашықтықтан керемет соққы жасап, допты қақпаның тоғыздығына дәл бағыттады. Бұл гол аргентиналықтарды жартылай финалға бір табан жақындатты.

Ал матчтың соңғы нүктесін Лаутаро Мартинес қойды. Тьяго Альмаданың соққысын қақпашы қайтарғанымен, шабуылшы алғаш болып жетіп, есепті 3:1-ге жеткізді.

Осылайша әлемнің қазіргі чемпионы Аргентина жартылай финалда Англиямен кездеседі. Қызықты текетірес 15 шілдеде Атланта қаласында өтеді. Ал екінші жартылай финалда 14 шілдеде Франция мен Испания финал жолдамасын сарапқа салады.

Әлем чемпионатының шешуші кезеңінде Лионель Месси бастаған Аргентина өз титулын қорғау жолындағы маңызды сынаққа шықса, Англия ұзақ жылдардан кейін әлемдік доданың финалына оралуды көздейді. Сондықтан бұл жартылай финал турнирдің ең тартысты матчтарының бірі болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу