Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен Испания Гран-приінде командалық есепте бірінші орынға ие болды
Қазақстан құрамасы Испания Гран-приінде күрес түрлерінен жалпы есепте 25 медаль иеленді.
ашық дереккөзден
Қазақстанның грек-рим күресінен ұлттық құрамасы Мадридте өткен «Испания Гран-приі - 2026» халықаралық турнирінде үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Испания астанасында 10-12 шілде аралығында ұйымдастырылған додада қазақстандық балуандар 13 медаль жеңіп алды. Қоржынға 2 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлде түсіп, ұлттық құрама 168 ұпаймен турнирдің жеңімпазы атанды. Командалық есепте Франция (85 ұпай) екінші, ал Швеция (75 ұпай) үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасына алтын медальді 55 келіге дейінгі салмақта Едіге Төлеутаев пен 63 келіде Ілияс Дәуітов сыйлады.
Күміс жүлдені Айбат Рахим, Жанболат Сапарбек, Досжан Өтепқалиев, Дінмұхамед Омаров және Әлмір Төлебаев жеңіп алды.
Ал қола жүлдеге Омар Ахон, Шыңғыс Қайрат, Николай Хапко, Расул Жүніс, Санжар Сабитов және Аянбек Ибраев қол жеткізді.
Сонымен қатар, Испания Гран-приінде Қазақстанның еркін күрес құрамасы да табысты өнер көрсетті. Мадридтегі халықаралық турнирде отандастарымыз 4 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, жарысты жалпы 12 жүлдемен аяқтады.
Әйелдер күресінен Қазақстан атынан екі балуан сынға түскенімен, бұл жолы олар жүлдеге қол жеткізе алмады.