Франция мен Испания финал жолдамасын сарапқа салады
Бүгін Далласта көптен күткен матч.
ашық дереккөзден
Бүгін 14-шілдеден 15-шілдеге қараған түні (Астана уақытымен) АҚШ-тың Даллас қаласындағы «Даллас» стадионында 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Франция мен Испания құрамалары кездеседі. Жеңіске жеткен команда финалға жолдама алса, жеңілгені үшінші орын үшін өтетін матчта бақ сынайды.
Франция турнир барысында мінсіз нәтиже көрсетіп келеді. Дидье Дешам шәкірттері әлем чемпионатындағы алты ойында да жеңіске жетіп, ширек финалда Марокконы 2:0 есебімен тізе бүктірді. Француздардың басты қаруы - шабуыл шебі. Килиан Мбаппе турнирде 8 гол соқса, Усман Дембеле 5 мәрте мергендік танытты. Сонымен қатар қос футболшы бір-біріне 19 голдық мүмкіндік жасап берген.
Ширек финалдан кейін Мбаппе тобығынан жеңіл жарақат алғанымен, бас бапкер Дидье Дешам оның Испанияға қарсы ойынға қатысатынын мәлімдеді.
Франция құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалындағы соңғы төрт кездесуінде (1998, 2006, 2018 және 2022 жылдары) жеңіске жеткен. Егер бұл жолы да басым түссе, қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының финалына шығады.
Ал Испания жарыстағы ең сенімді қорғанысымен көзге түсіп отыр. Луис де ла Фуэнте командасы турнир барысында небәрі бір ғана гол жіберді. Ширек финалда Бельгияны 2:1 есебімен жеңген «Ла Роха» осыған дейін 649 минут бойы қақпасына гол өткізбеген еді.
Испанияның тағы бір артықшылығы - допты бақылау мен жартылай қорғаныстағы үстемдігі. Родри, Педри, Фабиан Руис, Ламин Ямаль және Микель Оярсабаль секілді ойыншылар қарсыластың қорғанысын жиі қыспаққа алып, шабуылға кең мүмкіндік жасайды.
Соңғы жылдардағы жеке кездесулер статистикасы да испаниялықтардың пайдасына. Олар Франциямен өткен соңғы 10 матчтың жетеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсіп, тек екі рет жеңілген. Оның ішінде Испания Еуро-2024 жартылай финалында және 2025 жылғы Ұлттар лигасындағы тартысты кездесуде де Франциядан басым түсті.
Алдағы жартылай финал шабуылы өткір Франция мен қорғанысы мығым Испанияның текетіресі ретінде бағалануда. Екі құрама да әлем чемпионатының басты фавориттері саналғандықтан, Далластағы кездесу турнирдің ең тартысты матчтарының бірі болмақ.