Қазақстанның тоғыз боксшысы жастар арасындағы Азия чемпионатының финалына шықты

3-16 шілде аралығында Индонезия астанасы Джакартада жастар арасындағы Азия чемпионаты өтуде.

Қазақстанның тоғыз боксшысы жастар арасындағы Азия чемпионатының финалына шықты ашық дереккөзден

Азия чемпионатының тоғызыншы жарыс күнінде 19 жасқа дейінгі (U19) санат бойынша жартылай финалдық жекпе-жектер өтіп, Қазақстан құрамасының тоғыз боксшысы финалға жолдама алды.

Қыздар арасында 70 келіде Камила Оспанова Оңтүстік Корея өкілі Мина Жангты 4:1 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. 80 келіде Айдана Убайдуллақызы қырғызстандық Мирим Чинбекованы екінші раундта айқын басымдықпен жеңсе, +80 келіде Зарина Толыбай вьетнамдық Зи Гунх Анх Лені дәл осындай нәтижемен тізе бүктірді.

Ал 48 келіде Мадира Жұмақан үндістандық қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберсе, 57 келіде Ақнұр Тұрсынғали индонезиялық Дира Артикадан 2:3 есебімен ұтылды. Сондай-ақ 65 келіде Айсұлу Мұхит өзбекстандық Рушанабону Исоеваға 0:5 есебімен жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Кешкі сессияда ерлер құрамасы сәтті өнер көрсетті. 50 келіде Әділ Асқанбай қырғызстандық Нұрсұлтан Дуишоналиевті 4:0 есебімен жеңді. 65 келіде Ақжүрек Қалабай индонезиялық Виктор Венгкангтан 5:0 есебімен басым түсті.

70 келіде Бибарыс Әшірбай өзбекстандық Саидхужа Садиллахужаевты 5:0 есебімен ұтса, 80 келіде Тимур Тайбеков тәжікстандық Хужамуминжон Холовты дәл осындай есеппен жеңді.

85 келіде Руслан Ахметов Тайпей өкілі Хао-Жан Янгты бірінші раундта айқын басымдықпен жеңіп, финалға шықты. Ал аса ауыр салмақта (+90 келі) Владислав Саможонов филиппиндік Джек Рэдли Фитчті бірінші раундта нокаутқа түсіріп, шешуші кезеңге жолдама алды.

Өкінішке қарай, 90 келіде Жалғас Утебеков өзбекстандық Асадбек Султанбоевқа 0:5 есебімен есе жіберсе, 55 келіде Едіге Нұрғожа да Өзбекстан өкілі Елиор Рустамовтан дәл осындай есеппен жеңілді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының тоғыз боксшысы U19 санатындағы Азия чемпионатының финалында алтын медаль үшін жұдырықтасатын болады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу