Испания Францияны жеңіп, әлем чемпионатының финалына шықты
Франциялықтар Испанияның тас қамал қорғанысын бұза алмады.
ашық дереккөзден
Футболдан әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалында Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды.
Кездесудің алғашқы 20 минутында қос құрама бір-біріне айтарлықтай қауіп төндіре алған жоқ. Алайда 21-минутта француз қорғаушысы Люка Динь Ламин Ямальға қарсы ереже бұзғаннан кейін төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Микель Оярсабаль мүлт жібермей орындап, Испанияны алға шығарды.
28-минутта Франция қорғаушысы Вильям Салиба жарақат алып, оның орнына Максанс Лакруа шықты. Осыдан кейін испандар ойын тізгінін өз қолына алып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, алғашқы таймда есеп өзгерген жоқ. Тайм соңында Францияның да таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды. Бірақ мүмкіндікті пайдалана алмады.
Екінші таймда да Испания шабуылдарын үдете түсті. 58-минутта Педро Порроның пасынан кейін Дани Ольмо допты қайта шығарып беріп, Порро өзі шабуылды сәтті аяқтап, есепті 2:0-ге жеткізді. Екі минуттан соң Ламин Ямаль тағы бір мәрте мергендік танытқанымен, бұл гол офсайдқа байланысты есепке алынған жоқ.
Қалған уақытта Франция есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, Испания қорғанысы сенімді ойнап, қарсыласына гол соғуға мүмкіндік берген жоқ.
Франция көшбасшысы Килиан Мбаппе бұл кездесуде көзге түсе алмады. Соған қарамастан, Мбаппе турнирді әзірге сегіз голмен аяқтап отыр. Дәл осындай көрсеткіш Аргентина шабуылшысы Лионель Мессиге де тиесілі. Ол әлі де әлем чемпионатының үздік сұрмергені атануға мүмкіндік сақтап қалды.
Испания құрамасы өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты. Бұған дейін испаниялықтар 2010 жылы финалда жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанған еді.
Енді Испанияның финалдағы қарсыласы Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалдан кейін анықталады. Бұл кездесу 15 шілдеде өтеді. Ал әлем чемпионы анықталатын финал мен үшінші орын үшін матч 19 шілдеге жоспарланған.