Англия мен Аргентина финал жолдамасын сарапқа салады

Қос команда да чемпиондық атақ жолында барын салары сөзсіз.

Англия мен Аргентина финал жолдамасын сарапқа салады ашық дереккөзден

Футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында жанкүйерлер асыға күткен алып текетірес өтеді. 15-шілдеден 16 шілдеге қараған түні Қазақстан уақытымен 00:00-де АҚШ-тың Атланта қаласындағы Mercedes-Benz Stadium аренасында Англия мен Аргентина финал жолдамасын сарапқа салады.

Англия 60 жылдан бері күткен арманын орындауға жақын болса, Аргентина әлем чемпионы атағын қорғау жолындағы маңызды кедергіден өтуді көздейді.

Томас Тухель жаттықтыратын Англия құрамасы турнир барысында Конго Демократиялық Республикасын (2:1), алаң иесі Мексиканы (3:2) және Эрлинг Холанд бастаған Норвегияны (2:1, қосымша уақытта) жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. «Үш арыстан» плей-оффтағы үш матчтың екеуінде есепте қалып қойса да, камбэк жасап жеңіске жетуі команданың мінезін айқын көрсетті.

Егер Англия финалға шықса, Томас Тухель әлем чемпионаты тарихында өзге елдің құрамасын финалға жеткізген санаулы шетелдік бапкерлердің қатарына енеді.

Аргентина плей-офф кезеңінде Кабо-Вердені, Египетті және Швейцарияны жеңіп, чемпиондық атағын қорғауға тағы бір қадам жақындады. Турнирде аргентиналықтар 17 гол соғып, ең нәтижелі команда атанып отыр. Тағы бір гол соқса, өздерінің әлем чемпионатындағы рекордтық көрсеткішін қайталайды.

Жартылай финалдың басты назарындағы тұлға -  Лионель Месси. 39 жастағы шабуылшы бұл әлем чемпионатында да өзінің көшбасшылық қасиетін дәлелдеп келеді.

Англия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Джо Коул тіпті: «Біз Мессиді ұйықтатамыз», – деп мәлімдеген болатын. Алайда әзірге әлем чемпионатында мұны жүзеге асырған команда табылған жоқ.

Сонымен қатар Аргентина қорғанысындағы Кристиан Ромеро мен Лисандро Мартинестің жұбы кейде сенімсіз ойын көрсетіп жатады. Сондықтан Харри Кейн мен Джуд Беллингем бастаған ағылшын шабуылы бұл әлсіздікті пайдалануға тырысады. Аргентиналық БАҚ-тың мәліметінше, Лионель Скалони осы матчқа арнап бес қорғаушымен ойнау тактикасын пысықтап жатыр.

Екі құрама да плей-оффтағы барлық матчтарында гол жіберді. Сондықтан бұл кездесуде де жанкүйерлер тартысқа, голдарға және драмалық сәттерге толы ойын күтуде.

Бірі 60 жылдық тарихты жаңартқысы келеді. Екіншісі чемпиондық тәжін ешкімге бергісі жоқ. Атлантадағы 90 минутта бір арман орындалып, бір арман күл-талқан болады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу