Аргентина камбэк жасап, Англияны финалдан тыс қалдырды

19-шілдеден 20-шілдеге қараған түні финалда Аргентина Испаниямен кездеседі.

Аргентина камбэк жасап, Англияны финалдан тыс қалдырды ашық дереккөзден

Аргентина құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны 2:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет финалға жолдама алды.

Кездесу басында ағылшындар жоғары қарқынмен ойнап, алғашқы минуттарда қарсылас қақпасына қысым көрсетті. Алайда уақыт өте келе Аргентина ойын тізгінін өз қолына алып, шабуылдарын үдете түсті. Соған қарамастан алғашқы таймда екі команда да қақпаға дәл соққы жасай алмады.

Екінші таймның басында аргентиналықтар есеп ашуға жақын болды. Лионель Месси мен Хулиан Альварес қауіпті сәттер ұйымдастырғанымен, Англия қақпашысы Джордан Пикфорд өз командасын бірнеше рет құтқарып қалды.

Дегенмен матчтағы алғашқы голды Англия соқты. Жылдам қарсы шабуыл кезінде Морган Роджерс оң қапталдан айып алаңына пас шығарып, Энтони Гордон дәл соққымен есеп ашты.

Осыдан кейін Аргентина шабуылын үдетіп, ойынның соңғы минуттарында камбэк жасады. 85-минутта Энцо Фернандес алыстан бағыттаған соққысымен таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақыттың екінші минутында Лионель Мессидің әуелете берген пасын Лаутаро Мартинес баспен қақпаға дәл бағыттап, жеңіс голын соқты.

Осылайша, Аргентина 2:1 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына шықты. Енді әлем чемпиондары шешуші кездесуде Испания құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал Англия турнирдің қола жүлдесі үшін Франциямен кездеседі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу