Бүгін 13 қазақстандық боксшы Азия чемпионатында алтынға таласады

Қазақстан Азия чемпионатында командалық есепте әзірге екінші орында келеді.

Бүгін 13 қазақстандық боксшы Азия чемпионатында алтынға таласады ашық дереккөзден

Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатында әйелдер арасындағы жарыс аяқталып, 20 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондар анықталды.

Қазіргі уақытта медальдық есепте екі жас санатында да Өзбекстан құрамасы көш бастап тұр. Қазақстан құрамасы әзірге екінші орында келеді.

U23 санатында Өзбекстан 6 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен көш бастап тұр. Қазақстан еншісінде 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде бар. Үшінші орында 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған Үндістан құрамасы орналасқан.

Ал U19 санатында Өзбекстан 4 алтын және 2 күміс медальмен бірінші орында келеді. Қазақстан 3 алтын және 3 қола жүлдемен екінші сатыда тұр. Үндістан құрамасы 2 алтын және 6 күміс медальмен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Бүгін, 16 шілдеде чемпионаттың ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектері өтеді. Қазақстан құрамасының 13 боксшысы Азия чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығады.

Күндізгі сессияда Әділ Асқанбай (50 келі), Ақжүрек Қалабай (65 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Руслан Ахметов (85 келі) және Владислав Саможонов (+90 келі) финалда бақ сынайды.

Кешкі сессияда Бексұлтан Боранбек (55 келі), Нұрасыл Төлебек (60 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Аман Қонысбек (75 келі), Өнер Сейілхан (80 келі), Темірлан Мұқатаев (85 келі) және Ибрагим Бетаев (90 келі) алтын медаль үшін қолғап түйістіреді.

Финалдық кездесулерде қазақстандық боксшылардың басым бөлігі Өзбекстан құрамасының өкілдерімен кездеседі. Сондықтан бүгінгі жекпе-жектер жалпыкомандалық есептегі көшбасшылардың орналасуына тікелей ықпал етеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу