«Елімай» Конференциялар лигасымен қоштасты
Семейлік клуб «Алашкерттен» пенальти сериясында жеңілді.
ашық дереккөзден
Семейдің «Елімай» клубы УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Арменияның «Алашкерт» командасына пенальти сериясында есе жіберіп, еурокубок маусымын аяқтады.
Семейдегі «Спартак» стадионында өткен кездесудің 4-минутында қонақтар сапынан Момо Туре есеп ашты. Алайда 11-минутта Акмаль Бахтияров алыстан дәл соққы жасап, есепті теңестірді. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, алғашқы матчтағыдай тең нәтиже тіркелді.
Қосымша уақыттың 96-минутында хорватиялық жартылай қорғаушы Хрвое Илич пенальтиден мүлт кетпей, «Елімайды» алға шығарды. Семейлік команда келесі кезеңге шығуға санаулы секунд қалғанда, 120+1-минутта Габриэльдің автоголынан кейін есеп 2:2 болып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
11 метрлік айып соққыларында армениялық клуб 6:5 есебімен басым түсті. «Елімай» сапынан Иван Свиридов пен Думан Паласио өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал шешуші пенальтиді Арсен Садоян сәтті орындап, «Алашкертке» жеңіс сыйлады.
Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша «Алашкерт» 4:3 есебімен келесі кезеңге өтті. Армениялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Румынияның «Клуж» командасымен кездеседі.
Ал семейлік «Елімай» биылғы еурокубоктағы жорығын бірінші іріктеу кезеңінде аяқтады.