Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды
Қазақстандық параспортшылар тарихи жетістікке қол жеткізді.
ашық дереккөзден
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль иеленді.
10-17 шілде аралығында ұйымдастырылған әлемдік додаға 16 ұлттық құрама қатысты. Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен бірге өнер көрсетті. Топтық кезең қорытындысы бойынша отандастарымыз екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
1/8 финалда қазақстандық команда Польша құрамасынан басым түсті. Кездесу 3:0 есебімен аяқталды. Ширек финалда да Қазақстан құрамасы Руанда спортшыларын дәл осындай есеппен жеңіп, жартылай финалға өтті.
Алайда финалға шығу жолындағы ойында қазақстандықтар әлемнің үздік командаларының бірі саналатын Иран құрамасына қарсы алаңға шықты. Бұл кездесуде Иран командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Қола жүлде үшін өткен матчта Қазақстан құрамасы Бразилиямен кездесті. Тартысты өткен ойында отандастарымыз қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды.