Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінің финалына шықты

Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінде армениялық теннисшімен бірге жұптық сында өнер көрсетуде.

Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінің финалына шықты ашық дереккөзден

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды.

Жұптық сында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық спортшы Армения өкілі Алина Чараевамен бірге жартылай финалда бельгиялық Магали Кемпен мен ресейлік Александра Пановаға қарсы кортқа шықты.

Тартысты өткен матчта Құламбаева мен Чараева қарсыластарын екі сетте жеңді. Қазақстандық-армениялық дуэт 6:4, 7:6 (7:3) есебімен басым түсіп, турнирдің шешуші кезеңіне өтті.

Кездесу 1 сағат 51 минутқа созылды. Жібек пен Алина эйс жасамағанымен, маңызды сәттерде сенімді ойын көрсетіп, алты брейк мүмкіндігінің бесеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінің финалында бақ сынайды. Қазақстандық-армениялық жұптың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу