Франция мен Англия әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін таласады
Әлем чемпионатының аяқталуына 1 күн қалды.
ашық дереккөзден
19-шілдеде Қазақстан уақытымен 2:00-де Майами қаласында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі сарапқа салынады. Үшінші орын үшін Франция мен Англия құрамалары кездеседі.
Француздар 2018 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылғы мундиальда күміс медаль жеңіп алған еді. Ал Англия құрамасы 1966 жылғы чемпиондықтан кейін әлем біріншілігінен небәрі екінші жүлдесін иеленуге мүмкіндік алып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, ағылшындар 2018 жылы қола медаль үшін өткен кездесуде Бельгиядан жеңілген болатын.
Бұл матч жүлдемен қатар турнирдің үздік сұрмергені атағы үшін де маңызды. Қазіргі таңда «Алтын бутсы» бәсекесінде Аргентина капитаны Лионель Месси 8 гол және 4 нәтижелі паспен көш бастап тұр. Ол финалда Испанияға қарсы ойнайды. Ал Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе дәл осындай 8 гол соғып, нәтижелі пастар саны бойынша Мессиден бір көрсеткішке ғана қалып келеді. Сондықтан қола үшін матчта Мбаппе көшбасшылыққа шығуға мүмкіндік алады. Англия сапындағы Джуд Беллингем мен Харри Кейннің еншісінде 6 гол және 1 нәтижелі пастан бар.
Бұл кездесу Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам үшін ерекше мәнге ие. 1998 жылғы әлем чемпионы бапкер ретінде ұлттық құраманы 14 жыл бойы басқарып, 2018 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы күміс жүлдеге жеткізді. Майамидегі ойын Дешамның Франция құрамасы тізгініндегі соңғы матчы болмақ.
Алайда француздар жартылай финалда Испаниядан ұтылып, турнирдегі ең сәтсіз ойындарының бірін өткізді. Команда қарсылас қақпасына гол соға алмады. Оның үстіне негізгі қорғаушы Вильям Салибаның жарақаты да құраманың қорғаныс шебін әлсіретіп отыр.
Англия да жартылай финалда Аргентинадан жеңіліп, психологиялық тұрғыдан қиын жағдайда қалды. Бас бапкер Томас Тухель матч алдында үшінші орын үшін өтетін кездесудің маңызы екі команда үшін де аса жоғары емес екенін айтқанымен, әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алу мүмкіндігі ойыншыларға қосымша мотивация беретіні анық.
Осылайша Майамидегі матчта тек қола медаль ғана емес, Килиан Мбаппенің «Алтын бутсы» үшін күресі мен Дидье Дешамның Франция құрамасындағы соңғы ойыны да басты назарда болмақ.